Мемлекет басшысы Абай облысының жұртшылығымен кездесті

  Мемлекет басшысы Абай облысының жұртшылығымен кездесті <a href="https://t.
Reklam Alanı
Мемлекет басшысы Абай облысының жұртшылығымен кездесті
01 Ekim 2022 tarihinde DÜNYA kategorisinde yayınlandı. Google News
Reklam Alanı

 

 

 

 

Жаңалықтар

Жұмыс сапарлары

Мемлекет басшысы Абай облысының жұртшылығымен кездесті

2022 жылғы

Абай облысы, Семей қаласы

 

Президент жергілікті жұртшылықпен кездесуінде Семей қаласының, Абай облысының Қазақстан тарихындағы орны ерекше әрі төл шежіремізде айрықша орны бар өлке екенін атап өтті.

– Бұл – қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекені. Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір. Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы. Еліміздегі мұғалімдер даярлайтын алғашқы оқу орны бұдан 120 жыл бұрын осы қалада ашылғаны белгілі. Онда Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов сынды ұлт зиялылары білім алған. Ал Семейдегі музыкалық драма театр – қазақтың театр өнерінің берекелі бастауы. Ұлт футболының тұсауы да осы жерде кесілген. Еліміздегі тарихи-өлкетану музейі, қоғамдық кітапхана, архив, телеграф алғаш рет осында ашылған. Сондықтан бұл жерді халқымыз қазақ руханияты тамыр жайған жер деп ерекше қадірлейді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы өзінің шешімімен Семей қаласына тарихи орталық мәртебесі берілгенін айтты.

– Жалпы, өңірдің тыныс-тіршілігі әрдайым менің жіті назарымда. Осыдан ширек ғасыр бұрын облыс таратылып, Шығыс Қазақстанға қосылды. Содан бері өлкеге бұрынғы мәртебесін қайтару мәселесі қоғамда талай рет көтерілді. Семей өңірінде іргесі бөлек облыс құру туралы бірнеше хат-хабар, ұсыныс алдым. Біз халық үніне құлақ асатын мемлекет құрып жатырмыз. Сондықтан мен биыл халықтың қалауын ескере отырып, осы аймақта жеке облыс құру туралы шешім қабылдадым. Аталған қадам өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүйесі жүзеге асады. Бұл шешім – шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы. Біз жаңадан құрылған облысты ұлттың ұлы тұлғасына деген ерекше құрмет белгісі ретінде Абай деп атадық. Өйткені Абай – ұлт пен жұрттың символына айналған ұлы тұлға. Семей мен Абай – бір-бірінен ешқашан ажырамайтын ұғымдар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, баршаңызды Абай облысының құрылуымен тағы да құттықтаймын! – деді Президент.

 

Мемлекет басшысы Семейдің халықаралық транзиттік сауданың маңызды орталығы болғанына назар аударып, бүгінде облыс екі ірі көршіміз Ресеймен және Қытаймен шектесіп жатқанын атап өтті.

– Осы орасан зор көлік-логистикалық, сауда-экономикалық әлеуетті толық пайдалану қажет. Болашақта Семей өзіне Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларымен қатар еңбек адамдарын, инновация мен инвестиция тарта отырып, еліміздің қарқынды дамуына үлес қосатын шаһарға айналады деп санаймын. Абай облысы еліміздің дамуына серпін беретін қуатты аймақ боларына сенемін. Біз қайта шаңырақ көтерген облыстың көркеюі үшін барлық жағдайды жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан кейін Президент Абай өңірін дамытудың басым бағыттары мен өзекті мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп пен 14 балабақша салу жоспарланған. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев мұның өзі жеткіліксіз екенін айтты.

– Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырамын. Біз ұстазды құрмет тұтқан елміз. Бұл сөзіміз нақты іспен бекітіліп жатыр. Арнайы Оқу-ағарту министрлігі құрылды. Біз бұған дейін «Педагогтардың мәртебесі туралы» Заң қабылдап, оның аясында мұғалімдердің жалақысын өсірдік. «Әліппені» қайтардық. Орта білімді дамытуға бағытталған бірқатар жағымды өзгерістер бар. Осындай игі шаралар арқылы біз қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетеміз. Ұстаз біздің қоғамда әрдайым сыйлы тұлға болады. Семей білім беру саласында көш басында жүруі қажет. Батыстың озық университеттерінің бірі Семейде өз филиалын ашса немесе Семейдің жоғары оқу орнымен байланыс орнатса, жақсы болар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Семейде еліміздегі негізгі медицина университеттерінің бірі орналасқан. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен білім ордасы жанынан көпбейінді аурухана салу мәселесі қарастырылып жатыр.

– Менің тапсырмам бойынша Семейде онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы пайдалануға берілді. Балаларды оңалту орталығы салынып жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 65 нысан салынады. Біз ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарымызды оңалту мәселесіне баса мән беруіміз керек, – деді Президент.

 

Президенттің пікірінше, Семей заман талабына сай, ыңғайлы қалаға айналуға тиіс. Облыс орталығы өнеркәсіптер мен көліктерге емес, қала тұрғындарына қолайлы мекенге айналуы қажет. Семейді дамыту жұмысын жоспарлаған кезде жоғары стандарттарға сай тың урбанистикалық тұжырым керек. Әсіресе, «жасыл қала» идеясына ерекше назар аударған жөн.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Семей қаласының инфрақұрылымы әбден тозғанын айтты. Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды. Қаладағы Жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатыр. Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті.

Абай облысы тоғыз жолдың торабында Ресеймен, Қытаймен шектесіп жатыр. Президент осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану үшін жолдарымыз сапалы әрі қауіпсіз болуы қажет екеніне тоқталды.

– Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады. Өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту аса маңызды. Халықаралық маңызы бар күре жол Семей арқылы өтеді. Сондықтан, ең алдымен, қаладағы екі көпірді жөндеу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының аграрлық аймақ екеніне ерекше назар аударды.

– Кезінде Семей өңірі бүкіл республикаға, тіпті, алыс-жақын шетелдерге ет, сүт, тері, жүн және басқа да өнімдер шығаратын. Облыстың осы әлеуетін қалпына келтіру қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын жандандыру керек. Бұл – аса маңызды міндет. Тағы бір өзекті мәселе – бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару. Мен бұл жұмысты бүкіл ел аумағында жүргізуді тапсырдым. Абай облысында қазірдің өзінде осындай 200 мың гектар жер анықталды. Соның 62 мың гектары қайтарылды. Қайтарылған жерлерді жергілікті шаруаларға әділ үлестіріп, ел игілігіне тиімді пайдалану аса маңызды. Жалпы, бұл жұмыс одан әрі жалғасады, – деді Президент.

Өңірдің жер қойнауы полигонның кесірінен жылдар бойы игерілген жоқ. Сол себепті Мемлекет басшысы облыс аумағында ауқымды геологиялық зерттеу жұмысын жүргізу қажет екенін айтты. Президенттің пікірінше, қазба байлықтар табылады. Тау-кен өнеркәсібі облыс экономикасын жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының күрделі экологиясы халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына әсер етіп отырғанын атап өтіп, Семей полигонындағы ядролық сынақтардан кейін жүздеген мың гектар жерге залал келгеніне тоқталды. Сонымен қатар Ертіс өзенінің ластануына, шоққарағайды сақтауға назар аударылды. Мемлекет басшысы әкімдікке өңірдің экологиялық мәселесін үнемі назарда ұстауды тапсырды.

– Түрлі экологиялық бастамаларды жүзеге асыру үшін біз тұтас қоғам болып жұмылуымыз қажет. Халықаралық стандартқа және экологиялық нормаларға сай келетін қоқыс жинайтын жаңа полигон салу керек. Бұл жұмыс облыс әкімінің жеке бақылауында болуға тиіс. Энергетика министрлігі Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заң жобасын әзірледі. Биылғы сәуір айында бұл жобаны Мәжіліс мақұлдады. Енді оны тезірек қабылдап, таза жерді ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға беру керек, – деді Президент.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде мәдени-танымдық туризмді дамыту мәселесіне де тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, теңізге шығатын жолы жоқ ең үлкен мемлекет Қазақстан үшін Жердің континенттік полюсінің біздің территорияда орналасуының символдық мәні бар. Президент бұл нүкте Абай ауданында, Жидебайда Абайдың мұражай-үйінің жанында орналасқанын атап өтті.

– Семейдің бірегей мұрасы мен сәулеттік келбетін сақтау өте маңызды. Облыстың туристік әлеуетін нығайтудың негізгі шарттарының бірі – инфрақұрылымды дамыту. Ең алдымен жол мәселесін шешу керек. Туристер үшін тартымды жерлерге кедергісіз және ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ мәдени нысандардың коммуналды желілерге қатысты мәселелерін шешу қажет. Ертіс өзенінің жағалауын абаттандыруға ерекше назар аудару керек. Семей қаласының жаңа мәртебесін ескере отырып, оны дамытудың бас жоспарын жаңарту қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жаңа облыс құру оңай шаруа емес екенін айта келіп, барлық салада жан-жақты және мұқият ойластырылған жұмыс жүргізудің маңызына тоқталды.

– Үкіметке жақын арада Абай облысын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Келешекте облыс өзін-өзі толыққанды қамтамасыз ете алатын, өркендеген аймаққа айналуға тиіс. Қасіретке шалдықса да, қасиетін жоғалтпаған өлкені барынша дамыту – ортақ парыз. Бұл менің Президент ретіндегі парызым деп айтсам, артық емес. Осы орайда, бір мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Шын мәнінде, ұлтты жаңғыртудың негізі саясат пен экономикадан гөрі білім мен мәдениетте жатыр деуге болады. Семей өткен ғасырдың басында қазақтың рухани астанасы саналған. Абай бастап, Алаш арыстары жалғаған ұлы жол ұлтымызды есейтіп, мүлде жаңа деңгейге көтерді. Олар қазақтың болашағы қандай болуы керектігін айқындап берді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ қоғамдық сананы түбегейлі жаңғыртумен айналысуымыз қажет екені де айтты.

– Жоғары мәдениет, озық білім және адал еңбек сияқты құндылықтар бұл жұмыстың өзегіне айналады. «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой» деген хакім Абайдың өсиеті жас ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Ұлы ақынның атап көрсеткен бес асыл қасиеті біздің бүгінгі мақсатымызбен толық үндеседі. Ұлы Абай «Толық адам» деген ұғымды қазақ қоғамына ұсынған еді. Толық адам, бұл – болмысы кемел, көзқарасы терең, көкірегі ояу, еңбекшіл адам деген сөз. Өздеріңізге мәлім, мен қоғамда жаңа құндылықтар орнықтыру қажеттігі жөнінде үнемі айтып жүремін. Ұлттық құрылтайда, «Жастар рухының» съезінде және Түркістанда жұртшылықпен кездескенде бұған арнайы тоқталдым. Тағы да қайталап айтамын. Жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Еуразия құрлығының ортасында орналасқан еліміздің қазіргі халықаралық ахуалға қатысты ұстанымын тағы да айқындап өтті.

– Бүгінде әлемде бұрын-соңды болмаған геостратегиялық шиеленіс байқалады. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі саясаткерлер мен сарапшылар ядролық қарудың қолданылу қаупін қызу талқылап жатыр. Семей ядролық полигонындағы соңғы жарылыстан бері 33 жылға жуық уақыт өтті. Бұл аймақтың тұрғындары «Қырғи-қабақ соғыстағы» ядролық әлеуетпен ақылға қонымсыз бәсекелестіктің барлық қиындығын бастан өткерді. Жақында мен бұл туралы Нью-Йорктегі БҰҰ-ның жоғары мінберінен айттым. Адамдардың денсаулығына, жергілікті экожүйеге орасан зор залал келді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен полигонды жауып, әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарта отырып, біздің еліміз ядролық қарусыз әлем үшін жаһандық қозғалыс көшбасшыларының біріне айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Президент қазір қоғамда адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сенімі азайып бара жатқанын ерекше атап өтті.

– Бұл – өте қауіпті. Қатігездік пен сенімсіздік, немқұрайлылық пен енжарлық – халықты жарға жығатын жағымсыз әдеттер. Біз ел боламыз десек, ең алдымен, жастардың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруіміз керек. Сондай-ақ, өзара тілектестік пен бауырмалдықты әрдайым дәріптеуіміз керек. Мұны Абайдан артық айтқан ешкім жоқ. Ол «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегенін білесіздер. Ұлы ойшылдың осы өсиетін ұмытпайық, ағайын! – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтарды дамытуға мемлекет қана емес, бизнес өкілдері де атсалысуы қажет екенін жеткізді.

– Мен осы өңірден шыққан іскер азаматтарды Абай облысын бірге көркейтуге шақырамын. Мектеп, емхана және басқа да әлеуметтік нысандарды мемлекет пен жеке сектордың серіктестігі аясында салуға мүмкіндік бар. Ауыл-аймақты өркендетуге әрбір азамат пайдасын тигізе алады. Ағаш отырғызу, көшелерді, тіпті, ауланы қоқыстан тазарту сияқты қарапайым жұмыстар – туған жерге деген жанашырлықтың көрінісі. Жастарымыз ұқыпты, белсенді, білімді, өз ісіне жауапты болуы керек. Ең бастысы, ізгі ниет, ортақ іске деген тілектестікке адал болуымыз қажет. Мен әрдайым айтып жүрмін. Тағы да қайталап өткім келеді. Отаншылдық құр сөзден емес, нақты істен көрінеді, – деді Президент.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Абай облысының бірқатар азаматын мемлекеттік наградалармен марапаттады. «Абай атындағы театр» КМҚК артисі Имаханов Бекен және еңбек ардагері Мұқатаев Амантай «Парасат» орденімен, «Семей цемент зауыты» ӨК» ЖШС кран машинисі Пономарева Светлана «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ «Қайнар Агро» ШҚ суару машиналарының операторы Лебедев Михаилге «Ерен еңбегі үшін» медалі, Көкпекті жолдары» ЖШС-нің директоры Гүлназ Нұрғалиеваға «Шапағат» медалі табыс етілді.

Кері қайту Кері қайту

 

kaynak:https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-abay-oblysynyn-zhurtshylygymen-kezdesti-3085257

 

 

 

Reklam Alanı
Son Güncelleme: 01 Ekim 2022